| 16.05.2026 | ||
| Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі М.Әуезов атындағы кітапхананың 15 мамыр күнгі жұмыс есебі | ||
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіМ.Әуезов атындағы кітапхананың 15 мамыр күнгі жұмыс есебі 2026 жылғы 15 мамыр күні Мұхтар Әуезов атындағы кітапханасында ақын, қоғам қайраткері, тілтанушы, Қазақстан Республикасының Халық жазушысы Олжас Омарұлы Сүлейменов туғанына 90 жыл толуына орай «Олжас Сүлейменов: Ақын. Қайраткер. Тұлға» тақырыбында халықаралық деңгейдегі дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ауқымды ғылыми-мәдени жиынның басты мақсаты – Олжас Сүлейменовтің әдеби мұрасын насихаттау, ақын шығармашылығының әлемдік әдебиеттегі орнын айқындау, сондай-ақ оның қоғамдық, рухани және тарихи көзқарастарының қазіргі кезеңдегі маңызын талқылау болды. Дөңгелек үстелге Қазақстанның және алыс-жақын шетелдердің белгілі ғалымдары, әдебиеттанушылар, филологтар, жазушылар, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, докторанттар мен жас зерттеушілер қатысты. Іс-шараның модераторы – Светлана Ананьева, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әлем әдебиеті және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы орыс тілді әдебиет және әдеби байланыстар кеңесі төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор болды. Модератор дөңгелек үстелдің маңыздылығына тоқталып, Олжас Сүлейменов тұлғасының тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, әлемдік руханият үшін де аса құнды екенін атап өтті. Іс-шара барысында Денис Мелешкин – Беларусь Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы құттықтау сөз сөйлеп, қазақ-беларусь әдеби байланыстарының нығаюына Олжас Сүлейменов шығармашылығының ықпал еткенін айтты. Сондай-ақ Мария Симакова – Қазақстан Республикасындағы Россотрудничество өкілдігі басшысының орынбасары, Алматыдағы Ресей үйінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты ақын шығармашылығының халықаралық әдеби кеңістіктегі орны туралы ой бөлісті. Дөңгелек үстелде ұсынылған баяндамалар мазмұндық және ғылыми тұрғыдан аса маңызды болды. Александр Карлюкевич «Олжас Сүлейменов Беларусь елінде» тақырыбындағы баяндамасында ақын шығармаларының Беларусь оқырмандары арасында кең танымал екенін айтып, әдеби байланыстар тарихына тоқталды. Дмитрий Останькович «Олжас Сүлейменов поэзиясы қазіргі оқылымда» атты баяндамасында ақын поэзиясының бүгінгі қоғам үшін өзектілігін талдап, қазіргі жастардың ақын шығармашылығына қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Бигельды Габдуллин, Игорь Крупко, Василий Шупейкин сөз сөйлеп, Олжас Сүлейменовтің әдебиет пен мәдениет саласындағы орнына жоғары баға берді. Халықаралық ғылыми байланыстар аясында Валентина Вегвари венгр зерттеушілерінің Олжас Сүлейменов шығармашылығына қатысты ғылыми көзқарастарын таныстырса, Гүлжаһан Орда ақын поэзиясындағы түркі және орыс мәдениетінің үндестігіне ғылыми талдау жасады. Іс-шараға Мәскеу қаласынан Zoom платформасы арқылы қашықтықтан Карина Галай – Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті филология факультетінің орыс және шетел әдебиеті кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент қатысып, ресейлік әдебиеттанушылардың Олжас Сүлейменов поэзиясына қатысты ғылыми зерттеулері туралы баяндады. Онлайн байланыс барысында қатысушылар пікір алмасып, халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелері де сөз болды. ![]() Сондай-ақ, Галина Власова, Светлана Ананьева, Фархат Тамендаров, Диар Кунаев, Татьяна Джандильдина, Исмаилжан Иминов, Алена Демченко, Алия Ахетова, Тогжан Марат, Алимжан Хамраев, Асель Кундахбаева, Айнұр Қалиасқарова өз баяндамаларында Олжас Сүлейменов шығармашылығының әдеби, тарихи, мәдени және философиялық қырларын жан-жақты саралады. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ашық пікір алмасып, ақын шығармаларының әлем әдебиетіндегі орны, тарихи жад мәселесі, түркі дүниесінің рухани сабақтастығы, тіл мен мәдениет байланысы жөнінде өз ойларымен бөлісті. Әрбір баяндамашы ғылыми тұжырымдарын нақты деректермен негіздеп, мазмұнды пікірлер айтты. Іс-шара аясында қатысушылар өздері арнайы дайындап келген бейнематериалдарды көпшілік назарына ұсынды. Атап айтқанда, Татьяна Джандильдина Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнематериал әкеліп, көрермендерге таныстырды. Сонымен бірге, 365info.kz сайтында жарияланған Олжас Омарұлы Сүлейменов пен Василий Шупейкин арасындағы сұхбаттан үзінді көрсетіліп, қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Кеш соңында Кадырбекова Балнұр Асқарқызы қорытынды сөз сөйлеп, дөңгелек үстел жұмысына белсенді қатысқан қонақтар мен баяндамашыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, кітапхана атынан арнайы алғыс хаттар табысталып, әдебиет пен мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлестері үшін қатысушылар марапатталды. «Олжас Сүлейменов: Ақын. Қайраткер. Тұлға» атты халықаралық дөңгелек үстел жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды баяндамалар мен терең ғылыми пікірталастарға толы маңызды рухани-мәдени іс-шара ретінде өз мәресіне жетті. Іс-шара барысында Олжас Сүлейменовтің бай әдеби мұрасы жан-жақты насихатталып, ақын шығармашылығының қазіргі қоғам үшін маңызы кеңінен айқындалды. | ||
Соңғы жаңалықтар
|


